| Description: |
Бұл мақалада мұрын пердесінің сирек кездесетін қатерсіз хондромасының клиникалық жағдайы сипатталған. Науқас – бірнеше жыл бойы мұрын арқылы тыныс алудың айқын қиындауына шағымданған 62 жастағы әйел адам. Диагнозды нақтылау үшін клиникалық тексеру, компьютерлік томография (КТ) және магниттік-резонанстық томография (МРТ) сынды кешенді диагностикалық әдістер қолданылды. Зерттеу нәтижесінде ісіктің орналасуы мен сипаты анықталып, сүйек құрылымдарының бұзылу белгілері анықталған жоқ. Науқасқа эндоскопиялық операция жасалып, ісік толық көлемде алынып, қоршаған тіндер сақталды. Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтті, 10 ай ішінде ісіктің қайталану белгілері байқалмады. Бұл жағдай мұрын қуысындағы сирек кездесетін қатерсіз ісіктерді диагностикалау мен емдеуде эндоскопиялық әдістердің тиімділігін көрсетеді және мұндай науқастарды ұзақ уақыт бойы бақылау қажеттігін айқындайды. |